Көкшетау қаласы №5 «Таңдау» гимназиясы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Молгаждарова Әсемгүл Бағдатқызы
Латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты пікір
Қазіргі уақытта қоғам жалпы латын әліпбиіне көшу керектігін түсініп, мойындап отыр. Мектеп ұстаздары мен оқушыларының латын әліпбиіне көшу көзқарастары мен пікірлерінен тек қолдайтынын байқаймыз. Әлемдегі бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін де қажеттілігін жақсы түсінеді. Сонымен қатар, еліміздің келешегі үшін ағылшын тілін меңгеруде де, латын жазуының тиімділігі мен маңыздылығын біледі. Келешекте латын жазуымен жазатын болсақ, тіліміздің халықаралық сипат алатынын да бағалайды. Алайда латын әліпбиін қабылдауда қауіп-қатердің бар екенін жасыра алмаймыз. Себебі, газет-журнал, ғаламтор арқылы көңілге қонбайтын, ұлтаралық наразылық тудыратын жобалардың барын білеміз. Үкімет осыған жол беріп, алдын-ала халықпен санаспай, жасырын дау туғызатын нұсқаны қабылдап қоймаса екен деген үрейдің бары шындық. Қазір латын әліпбиіне көшуге ешкім қарсы емес. Ендігі мәселе – қандай жобаны, қандай нұсқаны қабылдар екен деген сұрақ туындап отыр. Біздің қолдайтын әліпбиіміз елдің бірлігі мен тыныштығын сақтайтын, Қазақстанда тұратын барлық ұлттарға ортақ болатын, мемлекеттік және ресми тілдерде оқып, жаза алатын, әлемнің қай жерінде жүрсек те, емін-еркін жаза алатын әліпби болу керек деп ойлаймыз. Қазақстан тәуелсіздіктің және тұңғыш президентіміздің көреген саясатының арқасында әлемге танылды. Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан астам ұлттар «Мәңгілік ел» идеясында біртұтас елге айналды. Осындай киелі құндылықтар мен ел бірлігін сақтау үшін жалпы қазақстандықтарға арналған латын әліпбиі болу керек. Елбасымыздың «компьютердің пернетақтайшасында бар әріптермен ғана әліпби жасауымыз керек» деген ұсынысы өте орынды және мұны қолдаймыз. Сонымен қатар жаңа әліпбиді қабылдамас бұрын елмен, жұртпен, халықпен таныстыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, толық қолдау тапқан жағдайда ғана қабылдаса деген ұсынысымыз да жоқ емес.